HoReCa арқылы отандық өндірісті қолдау жолындағы қадам: салалық бірлестіктердің бастамасы
Қазақстан Республикасының алкоголь өнімдерін, алкогольсіз және салқындатылған сусындарды, сондай-ақ ауыз суды өндірушілердің салалық бірлестіктері – «QazSpirits», «ҚазАлкоТемекі», «Қазақстан сыра қайнатушылар одағы», «Қазақстан шарап жасаушылар лигасы» және Қазақстан Республикасының алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілері қауымдастығы атынан Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне отандық өндірісті дамыту жөнінде ұжымдық хат жолданды.
Өтініште қоғамдық тамақтану орындарының (HoReCa) мәзірлері мен шарап карталарында әрбір тауар санаты бойынша кемінде 30% көлемінде отандық өнімдердің міндетті түрде болуын талап ету мүмкіндігін қарастыру ұсынылған.
Бұл бастама ішкі сауда субъектілері үшін сауда алаңдарында отандық тауарлардың үлесін қамтамасыз етуге қатысты қолданыстағы талаптарға ұқсас түрде ұсынылып отыр.
Қазіргі уақытта салалық бірлестіктер аталған ұсыныстың министрлік тарапынан қаралып, бастаманы іске асырудың одан арғы қадамдары жөніндегі ресми ұстанымның ұсынылуын күтуде.
Аталған шараны енгізу қазақстандық өнімдерді өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, отандық өндірушілерді қолдауға, ұлттық брендтердің танымалдылығын арттыруға және елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.