Иллюстрация к новости
04.06.2026 Қауымдастық жаңалықтары

«Қазақстандық виски» СТ әзірлеу және бекіту

 

«Қазақстандық виски» СТ әзірлеу және бекіту

Ағымдағы жылы Қауымдастық отандық өндірісті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын «Қазақстандық виски» ұлттық стандартын әзірледі (ҚР СИМ ТРМК-ның 2026 жылғы 25 ақпандағы №11-НҚ бұйрығымен бекітілген).

Аталған стандарттың қабылдануы тек сала үшін ғана емес, Қазақстан экономикасы үшін де маңызды оқиға болып табылады. Жеке ұлттық стандарттың болуы отандық кәсіпорындарға виски өндірісіне инвестиция салуға, заманауи технологияларды енгізуге және астықты қайта өңдеудің жоғары маржалы жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қазақстандық вискидің пайда болуы өнімнің жаңа санатын ішкі нарықта да, халықаралық деңгейде де ілгерілетуге перспективалар ашады.

 

Акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымымен күрес

Заңды нарықты қорғау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету, сондай-ақ тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін күмәнді өнімдердің таралуына жол бермеу мақсатында Қауымдастықтың жеке қауіпсіздік қызметі тұрақты негізде еліміздің түрлі өңірлеріндегі сауда нүктелеріне мониторинг жүргізеді, өнім жеткізу арналарына талдау жасайды және тиісті құжаттарсыз, акциздік маркаларсыз немесе контрафактілік белгілері бар алкоголь өнімдерін өткізу фактілерін анықтайды.

Анықталған ақпарат қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.

Анықтама үшін:

Қауымдастықтың, атап айтқанда қауіпсіздік қызметінің күшімен жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде заңсыз акцизделетін өнімдердің айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған жүйелі іс-шаралар өткізіледі. Бұл жұмыс нарықты мониторингтеуді, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды, сондай-ақ жедел және профилактикалық іс-шараларды қамтиды, бұл көлеңкелі айналым деңгейін тиімді төмендетуге және адал нарық қатысушыларын қорғауға мүмкіндік береді. Қауымдастық қызметкерлерінің жұмысының нәтижесінде заңсыз акцизделетін өнім өндірісі бойынша 78 қылмыстық іс қозғалды. Анықталған өнім көлемі 516 мың литр спиртті және 453,5 мың бөтелке өзге алкоголь өнімдерін құрады. Сонымен қатар, заңсыз пайдаланылған 90 мыңға жуық БӨҚ (УКМ) анықталды.

 

 

ҚР заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді

ҚР Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі №553 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2025 жылғы 1 қазанда №37015 болып тіркелген, 2025 жылғы 18 қазаннан бастап қолданысқа енгізілген) ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі №498 «Этил спиртін және (немесе) алкоголь өнімдерін өндірудің технологиялық желілерін бақылау-есепке алу аспаптарымен жарақтандыру, олардың жұмыс істеуі және есеп жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілді (бұдан әрі – Бұйрық).

Енгізілген өзгерістер алкоголь өнімдерін өндіруші кәсіпорындарға жылдық өндірістік қуаты 400 мың декалитрден жоғары төмен алкогольді сусындар өндірісінің желілерінде алкогольсіз өнім шығаруға мүмкіндік берді. Бұл ретте этил спиртінің концентрациясын анықтауға арналған алколайзер-тығыздық өлшегіштер немесе спирттік рефрактометрлер сияқты қосымша өлшеу құралдарын орнату талап етіледі.

Сонымен қатар, бұл түзету уәкілетті мемлекеттік органдарға тиімді бақылау мен мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

 

ҚР заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Мемлекеттік кірістер комитеті Қауымдастықтың салық жүктемесі коэффициентін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын қарайды

«Алкогольді және никотинқұрамды өнімдерді өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығы» ЗТБ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне салық жүктемесі коэффициентін (СЖК) есептеу әдістемесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жолдады.

Өз өтінішінде Қауымдастық СЖК есептеу кезінде салалық тәсілді неғұрлым нақты қолдану қажеттілігіне назар аударды. Атап айтқанда, әртүрлі салалардағы кәсіпорындарды салыстыру үшін ЭҚЖЖ-ның ірілендірілген кодтарын пайдалану талдау нәтижелерінің бұрмалануына және жекелеген салық төлеушілердің салық жүктемесін объективті емес бағалауға алып келуі мүмкін екені атап өтілді.

Қауымдастық ЭҚЖЖ кодтарын салалар мен тауарлық позициялар бойынша егжей-тегжейлі бөлуді кеңейтуді, сондай-ақ СЖК-ны ЭҚЖЖ-ның 5 таңбалы кодтары деңгейінде есептеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл салықтық әкімшілендірудің дәлдігі мен әділдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті Қауымдастықтың ұсыныстарын жұмысқа қабылдағанын хабарлады. Тиісті бастамалар салық жүктемесі коэффициентін есептеу тәсілдерін және тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шеңберінде зерделенетін болады.

Қауымдастық Қазақстан Республикасында бизнесті жүргізудің әділ әрі ашық шарттарын қалыптастыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастырады.

 

Сондай-ақ, ЭҚЖЖ 11.01 кодын «Бәйтерек» ҰБХ-ның жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларына енгізу бойынша жұмыс жалғасуда

Қауымдастық отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мақсатында ЭҚЖЖ 11.01 «Спирттік ішімдіктерді айдау, ректификациялау және араластыру» қызмет түрін «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ құрылымдары арқылы жүзеге асырылатын несиелеу және қаржылық қолдау бағдарламаларына қатысу құқығы бар қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

Осы мақсатта Қауымдастық Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, Қаржы министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ АҚ-на және оның еншілес ұйымдарына ресми хаттар жолдады.

Өтініштерде сала кәсіпорындарының өндірістерді жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті дамытуға елеулі инвестициялар салып отырғаны және бюджетке жыл сайын қомақты салық түсімдерін қамтамасыз ететіні атап өтілді. Сонымен қатар, басым экономикалық қызмет түрлерінің қолданыстағы тізбелері алкоголь өнімдерін өндірушілерге бірқатар жеңілдетілген несиелеу және қаржыландыру бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін бермейді.

Қазіргі уақытта бұл мәселе ведомствоаралық пысықтау сатысында тұр.

Қауымдастық мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен тұрақты байланыста болып, қабылданатын шешімдер отандық өндірісті одан әрі дамытуға, инвестициялар тартуға, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жұмыс орындарын сақтауға ықпал етеді деп үміттенеді.

Қауымдастық бастаманы қарау барысы мен жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы сала қатысушыларын қосымша хабардар ететін болады.