Иллюстрация к новости
20.12.2021 Қауымдастық жаңалықтары

TENGRINEWS: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРАҚ ЕУРОПА НАРЫҒЫНА ШЫҒУДА

14 желтоқсанда «Көкшетау минералды сулары» АҚ Германияға арақтың алғашқы партиясын жөнелтті. Ол жерден өнім Португалия, Испания, Италия, Грекия, Франция, Ұлыбритания және Германия дүкендерінің сөрелеріне жеткізіледі. Бұл оқиға Global Beverages ЖШС үшін (оның құрамына «КМВ» АҚ да кіреді) жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Компания қазақстандық күшті алкоголь өнімдерінің кең ассортиментін Еуропаның қалыптасқан әрі талапшыл нарығына шығарумен айналысады.

Осыдан екі жыл бұрын бұл мақсат қол жетпестей көрінген еді: қазақстандық арақ өз нарығында да импорттық брендтерге жол беріп келді. Бөлшек сауда желілеріндегі сөрелердің жартысынан астамын және мейрамхана мәзірлерінің іс жүзінде жүз пайызын шетелдік өнімдер иеленген болатын. Экспортқа бір тамшы да өнім шығарылмайтын.

Өндірушілер бұған қынжылып: «Бізде әлемдегі ең сапалы шикізаттың бірі – тың даланың астығы бар, біз спирт өндірудің классикалық технологиясын сақтап қалдық, білікті технологтар мен купаж жасаушыларды жоғалтпадық!» – деп айтатын. Алайда мұндай артықшылықтарға ие болу бір басқа, оны өзгелерге дәлелдеу – мүлде басқа мәселе. Соған қарамастан, табандылықтың арқасында Global Beverages еуропалық дистрибьюторларды қазақстандық өніммен жұмыс істеудің болашағы зор екеніне сендіре алды.

Осылайша, қазақстандық өндіруші Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің нақты қолдауын іс жүзінде сезінді. Белгілі болғандай, ведомство қызметінің басым бағыттарының бірі – «экономикалық дипломатия», яғни отандық өнімді экспортқа ілгерілету және шетелдік инвестицияларды тарту.

Қазақстандық дипломаттардың қызмет атқаратын елдердегі экономикалық үдерістерді терең түсінуі, өңірдің жетекші өкілдерімен кең байланыстары және қазақстандық компаниялардың қажеттіліктеріне мұқият назар аударуы отандық өндірушілерге сенімді неміс серіктестерін табуға мүмкіндік берді.

Экспортқа шығу сала үшін Қазақстандағы алкоголь тұтынуының төмендеуі жағдайында өсудің маңызды жолы болып табылады. Қазіргі таңда «Көкшетау минералды сулары» АҚ өнімдері Ресейге, Әзербайжанға және Қырғызстанға жеткізіледі. Украина, Моңғолия және Өзбекстан да өнім жөнелтілуін күтуде.

Келер жыл отандық өндірушілер үшін нәтижелі әрі табысты болады деп күтілуде.

Дереккөз: TengriNews